Білім жүйесін жетілдіруге бағытталған бір жылдағы жұмыстар
Жас ұрпақты сапалы біліммен қаруландырып, олардың бойына саналы тәрбие қалыптастыру қай кезеңде болмасын ҚР Оқу-ағарту ісінің алдында тұрған басты міндет болып табылады. Аталған мақсатқа жету жолында білім саласына мемлекет тарапынан да жыл сайын үлкен қолдау жасалуда. Ел мүддесіне бағытталған игі іске қол жеткізу үшін “Қорғалжын аудандық білім бөлімі” мемлекеттік мекемесі бойынша 2023 жылы бірқатар іс атқарылды. Атап айтар болсақ, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің жалақысы 25 пайызға, ал 2023 жылдың 1 қыркүйегінде олардың еңбекақысы тағы да 30 пайызға артты. Бұл істегі басты мақсат мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың сапасын жоғарлатуға ықпал ету. Мемлекет Басшысының тарапынан жасалған аталған қолдаумен Қорғалжын ауданы бойынша 60 -тан аса педагог қамтылды. Айта кету керек, аудан бойынша бүгінде барлығы 12 МДҰ жұмыс істейді.
“Ақмола облысының мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілерінің жекелеген санаттарына тамақтанғаны үшін шығыстарды өтеу туралы” Ақмола облысы әкімдігінің 2023 жылғы 23 маусымдағы және 27 қарашадағы №А-7/249, №А-11/540 Қаулыларының негізінде Қорғалжын ауданы бойынша мектепке дейінгі ұйымға баратын 200 жуық бала тегін тамақтанады.
Аудан бойынша 2022-2023 оқу жылында 9 мектеп түлегі “Алтын белгі” иегері атанса, олардың 6-ы мемлекеттік оқу грантын жеңіп алды.
Ауыл мектептерінің ғаламтор желісіне қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында Майшұқыр негізгі мектебі пилоттық жобаға енгізіліп, қазан айында мектепке “Starlink” жерсеріктік операторының спутниктік құрылғысы орнатылды. Ондағы интернет жылдамдығы 200 мб/сек асады. Айта кету керек, аталған пилоттық жобамен алғашқы болып республика бойынша үш облыстың 10 ауыл мектебі қамтылған болса, соның бірі - Майшұқыр негізгі мектебі. Интернеттің жылдамдығын арттыру арқылы мектептің мұғалімдері мен оқушылары цифрлық білім беру ресурстарын оқу үдерісінде кедергісіз пайдалануға мүмкіндік алды. “Starlink” байланысы ауыл мектебіне білім берудің инновациялық тәсілдерін енгізуге жағдай жасады.
Біз, педагогтар қауымы, мемлекетіміздің шалғайдағы ауылға көңіл бөліп, олардың шешілмей тұрған маңызды мәселесіне мән берген Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министірлігі тарапынан жасалған қолдауға алғыс білдіреміз.
Аудан орталығы тұрғындары үшін жасалған тағы бір басты жаңалық - 2023-2024 оқу жылында Қорғалжын ауылында екі бағыт бойынша қосымша білім беру орны ашылды. Балалардың шығармашылығын дамыту мақсатында мемлекеттік тапсырыспен «Жас талант» ІТ мектебі және «Кауазбеков» жеке кәсіпкерлігі оқушыларға гуманитарлық және техникалық бағытта, оның ішінде ағылшын тілі, математика және киберспорт, робототехника, копьютерлік графика бойынша білім беруде. Аталған қос орталық аудан бойынша 321 баланы қосымша білім берумен қамтып отыр. Бұл бастама ауыл балалары үшін үлкен қолдау болды деп ойлаймын.
Сондай-ақ, биыл ауыл мектептерінің кітапханаларына 3 миллион 614 мың теңгеге жаңа көркем әдебиет сатылып алынды. Шағын орталықтар жаңа тұрмыстық техникалармен жарақталды. 50-ге жуық оқушы Бурабай, Зеренді аудандарында орналасқан жазғы сауықтыру лагерлерінде демалуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілері мен мектеп оқушыларының жайлы жағдайда тәрбие мен білім алулары үшін қажетті заттар мен құрылғылар, білім беру ісінде қажетті интерактивті панель, моноблок, прожектор, принтер, компьютерлер т.б. оқу-құралдары сатылып алынды. Кеңбидайық ауылының жалпы орта білім беретін мектебінде химия кабинеті, Сабынды ауылындағы ЖОББМ инклюзия кабинеті ашылды. Салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін мектептер қажетті спорт жабықтарымен де қамтамасыз етілді.
Аталған жұмыстардың барлығы да мемлекет тарапынан жасалған қолдаудың нәтижесінде орындалып отыр. Білімді ұрпақ - ертеңгі ұлт болашағы. Сондықтан да мемлекет сеніміне селкеу түсірмей қызмет ету парызымыз деп білемін.
Қорғалжын аудандық білім бөлімінің басшысы: С.Омарова.